Есет батыр тұрғын алабында 300 түп шыбық егілді
"Атадан мал қалғанша, тал қалсын" деген аталы сөз бар қазақта. Шыбық пен жеміс ағаштарын егу сауапты амал. Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Себебі, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалып, жазда сая, қыста ық болады. Әрі экологиялық ахуалға жақсы әсерін тигізеді. Сондай игі іс өткен сенбіде Есет батыр тұрғын алабында өтті. Зейнолла Қабдол көшесінің бойына биіктігі 2-2,5 метр болатын 300 түп бұйра тал мен үйеңкі отырғызылды. Іс-шараға қала әкімі, Алматы ауданының әкімі, аудан ақсақалдары, мәслихат депутаттары және қоғам белсенділері қатысты. Көгалдандыру мамандары бұл ағаштардың екі түрі де Ақтөбеде жақсы тамыр жайып, тез бейімделетінін айтады. Отырғызар алдында топырақ бірден дәрумендік заттармен қоректендірілді. Есет батыр тұрғын алабы жаңадан өсіп келе жатқан елдімекен болғандықтан көбірек ағаш егуді қажет етеді және егіліп те жатыр. Ал осы ауданда тұратын халық енді тазалық сақтауды, жасап берген дүниелерді сындырмауды, балаларға дұрыс тәрбие беріп, қаламызды көркейтуге ат салысуы керек, - дейді тал егуге келген ақсақалдардың бірі Бақыт Қабиұлы. Алматы ауданы әкімінің айтуынша, биыл 5 мың түп тал егу жоспарда бар. Талдардың бәрі демеушілердің атынан отырғызылып жатыр,- дейді ол. Жаз айларында көшеттерді суаруды аудан әкімдігі ұйымдастыратын болады. Ал сенбілік шаралар одан әрі қарай жалғасын таппақ.Количество показов: 8
Дата создания: 21.04.2026 07:44:38



















