Ертең облыстың әлеуметтік нысандарына жылу беріледі
Ертең облыстың әлеуметтік нысандарына жылу беріледі. Бұл туралы «Ақтөбе Жылу электр орталығында» аймақ басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралған көшпелі кеңесте айтылды. Аймақта 1 қазаннан бастап мектептер, интернат үйлері, мектепке дейінгі және медициналық ұйымдар үшін жылыту маусымы басталады. Ал тұрғын үйлер жылумен 15 қазаннан бастап қамтамасыз етіледі. Ақтөбеде 2100 көпқабатты үй бар, оның ішінде 1556-сы «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалған 544 үй автономды жүйелер мен жеке құрылысшылардың қазандықтары арқылы жылумен қамтамасыз етіледі. Шаһарда барлығы 130 қазандық жұмыс істейді, оның 27-сі - «Aqtobe Su-Energy Group»-тың теңгерімінде, ал қалғаны - басқарушы ұйымдардың меншігінде. Бүгінгі күні 97 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, алтауы күрделі жөндеуден өтті. Қайта жаңғырту бағдарламасы аясында тағы 6 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жылыту маусымында бюджет ұйымдарына 20,7 мың тонна көмір және 1,2 мың тонна дизель отыны, ал халыққа 19 мың тонна көмір дайындау жоспарланған. Шенділердің сөзінше, ауылдардағы барлық қазандық жөндеуден өткізілген. «Жылыту маусымы халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе әлеуметтік нысандарда ақауларға жол бермеуге тиіспіз», - деді облыс әкімі. Өңір басшысы басқарма басшыларынан бастап, аудан, ауыл әкімдеріне де жылу маусымына сай міндеттер мен тапсырмалар берді.Количество показов: 20
Дата создания: 01.10.2025 07:49:46