Енді шаһарда электромобильдерді қуаттайтын құрылғылар саны көбейеді
Қазақстанда экологиялық таза көлік түрі саналатын электромобильдерді кеңінен таныту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Алайда, дамыған инфрақұрылымның жоқтығынан экологиялық таза көлік түріне көшу мүмкіндігінше баяу жүріп жатыр. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, біздің өңірде 70-ке жуық электромобиль тіркелген, ал оларды қуаттайтын құрылғы тек бір жерде ғана бар. Ақтөбеліктердің пікірінше экологиялық таза көлікті өңірге әкелмес бұрын оларды қуаттау құрылғыларын, жөндеу станцияларын салу сияқты шараларды атқарып алу керек. Жаңартылған ережелере сәйкес, электромобильдерді қуаттау құрылғылары енді еліміздің әрбір елді мекенінде болуы тиіс. Олар автотұрақтарда, жанар-жағармай құю станцияларында, техникалық қызмет көрсету станцияларында, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарында, сондай-ақ тұрғын, қоғамдық-іскерлік және өндірістік аумақтарда орналасуы мүмкін. Өз кезегінде облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары жергілікті жанар-жағармай құю станцияларының басшыларына электромобильдерді қуаттайтын құрылғыларды Қазақстандық өндірушілерден сатып алу жөнінде ұсыным жолдаған. Отандық құрылғылар сапасы жағынан да барлық стандарттарға сай келеді, - дейді басқарма мамандары. Айта кетерлігі, жанар-жағармай құю бекеттерінде мүгедектер арбасын пайдаланатын мүгедек жандарға қолжетімді кем дегенде бір қуаттайтын құрылғы болуы шарт. Тұрақ орындары автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталуы керек. Электр желісін қорғау дәрежесі IP 54-тен кем емес және қалдық ток құрылғысы бар зауытта жасалған зарядтағышты ғана пайдалануға рұқсат етіледі.Количество показов: 354
Дата создания: 25.04.2024 05:01:48