Эколог: Ақтөбеде ауаның ластану деңгейі қалыпты
Экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, 2016-жылы Ақтөбеде ауаға 92,5 мың тонна лас зат тасталса, биыл оның көлемі 93,7 мың тоннаға жеткен. Мұның 93 пайызы Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Ферроқорытпа зауыты, рельс-арқалық зауыты, "Ақбұлақ", Жылу-электр орталығы секілді өндіріс орындарының үлесінде. Бірақ, облыстың бас экологының сөзінше, бізде ауаның ластану деңгейі - қалыпты. Тек күкіртті сутегі бойынша ластау көрсеткіші жоғары, оның өзінде айтарлықтай емес, дейді Жақсығали Иманқұлов. Ауаны жақсарту, ластануды төмендету үшін департаменттің істеп жатқан нақты ісін көрмей тұрмын. Кәсіпорындарға ескерту жасап, айыппұл салумен ғана шектелесіздер, деп облыс әкімі экологтың жұмысын нашар деп бағалады. Кезек қала әкіміне жетті. Ілияс Испановтың айтуынша, Ақтөбенің ауасын жақсарту үшін қоқыс полигонының айналасына тал егілген. Қатты-тұрмыстық қалдықтарды іріктейтін цех ашылды. Полигонды мүлдем жабу туралы мәселе көтеріліп жатыр. Кәріз суын тазартатын бекеттерге күкіртті сутегіні залалсыздандыратын қондырғылар орнату жоспары бар. Ал, қауіпті деген кәріз суын жинайтын он бекетке көмірлі фильтр салынады. Зауыттарға да фильтр қондыру міндеттелген. Айдың соңында тексеріледі.
Количество показов: 1958
Дата создания: 08.08.2017 19:10:29