Димаш Құдайбергеновтың швейцариялық жанкүйері Ақтөбеге келді
Әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған тыңдарманы бар Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері оның туған жеріне деген қызығушылығын арттырып отыр. Бұл жолы Ақтөбеге Швейцария елінен арнайы келген әншінің жанкүйері оның шығармашылық жолының бастау алған орындарын аралап жүр. Кеше ол Димаш білім алған мектепте болса, бүгін Димаш оқыған Ақтөбе музыкалық колледжіне барып, ұстаздарымен кездесті. Әнші Димаш Құдайбергеннің өнерге деген алғашқы қадамдары туған жері Ақтөбе қаласында басталғаны белгілі. Бүгінде оның шығармашылығына тәнті болған жанкүйерлер әншінің өмір жолын тереңірек білу үшін Қазақстанға арнайы келуде. Бұл жолы Швейцариядан келген қонақтар Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде болды. Димаш осы оқу орнында академиялық білім алып, кәсіби өнер жолын бастаған. Қонақтарды колледж ұжымы ұлттық дәстүрге сай қарсы алып, оқу орнының тарихымен және әншінің студенттік кезеңімен таныстырды. Димаш Құдайберген бала кезінен музыкаға бейім болып, алғашқы білімін қаламыздағы музыкалық мектепте алған. Кейін Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде білімін жалғастырып, ұстаздарының жетекшілігімен вокалдық шеберлігін шыңдады.Шетелдік жанкүйері Эстер Ульманның айтуынша, ол Димаштың ерекше дауысы ғана емес, оның тәрбиесі, мәдениеті мен туған жеріне деген құрметі қызықтырады. Сондықтан бұл сапардың басты мақсаты өнер иесінің қалыптасуына ықпал еткен орта мен ұстаздарды тану,- дейді ол. Эстер ханымға Димаштың студент кезіндегі өмір жолы, оның алғашқы қадамдары мен қызықты сәттері туралы тың әрі құнды мәліметтер ұсынылды. Бүгінде Димаш Құдайбергеннің есімі әлемге танымал. Эстер бұған дейін Қазақстанға бес рет келген, үш рет Астанаға екі рет Алматыға, сондықтан бұл жолы арнайы әншінің туған жеріне баруды жөн көрген. Әншінің шынайы жанкүйері Эстер Ульман бұған дейін өзінің жүрекжарды сезімдері мен әсерлерін жинақтап, "Димаш Құдайберген мен Қазақстан менің өмірімді қалай өзгертті" атты арнайы кітап жазып шығарған.
Количество показов: 11
Дата создания: 12.06.2026 07:11:24



















