Дауылдан ағаштар сынып, бірнеше аудан жарықсыз қалды
Кеше шаһарда соққан желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетіп, ағаштар құлап, электр желілерінде апаттық жағдайлары тіркелді. Қазір коммуналдық қызметтер мен энергетика саласының мамандары дауыл салдарын жою жұмыстарын тәулік бойы жалғастырып жатыр. Кенеттен көтерілген дауыл қаланы әбігерге салды. Бірнеше минут ішінде желдің екпіні күшейіп, ағаштар құлап, электр желілері зақымданды. Қала тұрғындары үшін бұл күтпеген жағдай болды. Бірі дауылды үйінде отырып байқамай қалса, енді бірі көшеде қалып, табиғаттың тосын мінезіне тап болды. Желдің екпіні кейбір ағаштарды тамырымен қопарып құлатса, кейбір талдардың бұтақтары сынды. Соның салдарынан жолдар мен аулаларда қозғалысқа кедергі келтірген бірнеше учаске анықталды. Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір дауыл салдарын жоюға 10 мердігер ұйымның бригадалары мен арнайы техникалары жұмылдырылған. Астана ауданында 9, Алматы ауданында 7 учаскеде жұмыстар жүргізілген. Дауыл электр желілеріне де айтарлықтай зиянын тигізді. Ауа райының күрт нашарлауынан кейін «Энергосистема» ЖШС күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, жедел штаб құрды. Мекеме мәліметінше, электр желілерінде бірқатар апаттық жағдай тіркеліпті. Мамандар электр желілерін қалпына келтіріп, құлаған ағаштарды тазартуды қолға алды. Ал тұрғындар мұндай ауа райы құбылыстары кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, сақ болуға шақырылады.Количество показов: 7
Дата создания: 23.06.2026 06:54:46



















