«Дәстүр» күні тойланды
"Наурызнама" онкүндігі аясында "Дәстүр" күніне орай өткен фестивальде ән де шырқалып, би де биленді. Қазақтың салтын насихаттайтын дәстүрлерден қойылымдар да көрсетілді. Шараға қаламыздың кітапхана және мәдениет үйлерінің қызметкерлері қатысты. Алаңға алты киіз үй тігілген. Онда дәстүрлі қолөнер, ұлттық әшекей бұйымдар көрмесі, сәбидің дүниеге келуіне және балалық кезеңге қатысты салт-дәстүрлердің сахналық қойылымдары, ұлттық тағамдар көрмесі мен қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламада қазақ биі, ұлттық ойындар, жігіттік және үйлену салт-дәстүрлеріне арналған театрландырылған көріністер, музыкалық-хореографиялық композициялар мен концерттік бағдарламалар қалың жұртшылық назарына ұсынылды. Аталған іс-шара ұлттық бірлікті нығайтуға, мәдени мұраны дәріптеуге және халықтық дәстүрлердің өміршеңдігін арттыруға бағытталған. Мерекелік шараға қатысқан ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар да өз тілектерін білдіріп, барша ақтөбеліктерді Наурыз мерекесімен құттықтады.Количество показов: 18
Дата создания: 18.03.2026 06:16:07



















