Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Шаһардағы 15 мекеме мен кәсіпорын бүгін жұмыс іздеушілерге бос жұмыс орындарын ұсынды. Сату менеджері, жүргізуші, электромонтер, экспедитор-жүргізуші, сатушы-кассир, жанармай құюшы, бағбан және ұста қажет. Екі қолға бір күрек іздеген жандар бүгін қалалық "Мансап" орталығында өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысты. Іс-шара бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға және алимент бойынша берешегі бар жандарға арналған. Жұмыс іздеп келгендердің қатарында 23 жастағы Қадыр Нұржігітов те бар. Ол электромеханик мамандығын тәмамдаған. Қазіргі таңда жұмыс табу қиын екендігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, тұрмыс-тіршілікке қажетті айлық табыс кемі 500 мың теңге болуы керек. Ал, ұсынылатын жұмыстардың жалақысы 80-90 мың теңге көлемінде. Орталық ұсынған жұмыстар көңілімнен шықса, болашақта жасауға дайынмын дейді. Жәрмеңкеге қатысушыларға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, субсидияланатын жұмыс орындары, гранттық бағдарламалар мен өз кәсібін бастау мүмкіндіктері туралы кеңестер берілді. Ал, қазір Электрондық еңбек биржасы порталында қала бойынша мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген. 2025 жылы пробация есебіндегі және жазасын өтеп шыққан 411 азамат Мансап орталығына жүгінген. Оның 28-і жұмыспен қамту шараларына тартылды. 14 адам квота арқылы тұрақты жұмысқа орналасты. 2026 жылдың есепті кезеңінде 124 адам жүгініп, 9 азамат жұмыс тапқан.Количество показов: 5
Дата создания: 25.02.2026 07:42:03



















