Борышкерлердің көліктері айып тұрағына қойылды
Өңірде «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бүгін сот орындаушылары полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдке шығып, алимент және өзге де төлемдер бойынша берешегі бар азаматтарды анықтады. Тексеру жұмыстары Әлия Молдағұлова даңғылында өтті. Анықталған борышкерлердің автокөліктері айып тұрағына қойылды. Сот орындаушылары мен полиция қызметкерлері бүгін Әлия Молдағұлова даңғылында кезекшілік атқарды. Көлік ағынының ішінен жол сақшылары борышкерлердің темір тұлпарларын іріктеп тоқтатты. Олар цифрлық дерекқоры арқылы анықталды. Қазір мемлекет кірісіне өндіріп алу бойынша 20 мыңға жуық атқарушылық құжат орындалу үстінде. Оның шамамен екі мыңы аяқталған. Алимент өндіру мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Өндірісте 15 мың іс бар. Соңғы уақытта оның небәрі 470-і ғана аяқталған. Әсіресе алимент өндіру, әкімшілік айыппұлдар, салық берешектері және өзге де әлеуметтік маңызы бар төлемдер бойынша берешектерді өндіріп алу мәселесіне ерекше назар аударылады. Рейд барысында жүйе жүргізушілердің бірінде миллиондаған несие қарызы бар екенін көрсетті. Көлік тоқтатылып, ақпарат сол жерде расталған. Нәтижесінде автокөлік қарыз толық өтелгенге дейін айыптұрағына қойылды. Сот орындаушылары берешектің бар-жоғын әр азамат автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы онлайн түрде өздері тексере алатынын ескертеді.Количество показов: 7
Дата создания: 04.03.2026 08:59:20



















