Биыл шаһарда 11 мыңнан астам ағаш отырғызылды
Өткен сенбіде шаһарда күзгі тал егу акциясы өтті. "Таза Қазақстан" акциясы аясында 150 қарағай отырғызылып, қала көгалдандырылды. Шаһар басшысы Азамат Бекет пен коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Қарағайларды сатып алуға кәсіпкерлер қолдау білдірген. Ал, биыл жалпы саны 11 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Өткен сенбіде шаһарда кәсіпкерлердің демеушілігімен әкелінген 150 қарағай отырғызылды. Күзгі ағаш отырғызу акциясына қала әкімі Азамат Бекет, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, санитарлық тазалықпен айналысушы жұмысшылар қатысты. Шара "Таза Қазақстан" акциясы аясында ұйымдастырылған. Бюджетке салмақ түсірмеу үшін кәсіпкерлеріміз, ірі кәсіпорындар, қаланың жанашыр азаматтары көмектесіп жатыр, деді Азамат Бекет. Биіктігі 3 метр мәңгі жасыл қарағайлар Әбілқайыр хан даңғылына, ескі қалаға және Алтын орда шағын ауданына отырғызылды. 70 түп қарағай Өнер орталығы мен Неке сарайы алаңдарынан орын тапты. Кәсіпкерлер еккен ағаштарын екі жылдық кепілдік аясында күтіп-баптаумен өздері айналысады. Бұған дейін биіктігі 4-5 метрлік қарағайлар мен шыршалар М.Мәметова, Ғ.Жұбанова көшелеріне, әуежайға бағытына, құс шие, шаған ағашы орталық мешіт алаңына, автовокзалға баратын жолға отырғызылды. Алтын орда ауданына, Бөкенбай батыр көшесіне алма ағашы мен қарағайдың 6 мың түбі егілді. Бұл жұмыстардың көп бөлігі демеушілік көмек есебінен іске асты. Шаһар басшысының сөзінше, көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Келесі маусымда да демеушілер есебінен қаладағы бос аумақтарда саябақтар мен шағын бақтар салу, сондай-ақ көлік қозғалысы көп жолдардың бойындағы жасыл жолақтарды кеңейту жоспарланған.Количество показов: 10
Дата создания: 02.12.2025 08:35:16



















