Банк қызметкерлері зейнеткерді алаяқтардан құтқарды
Ақтөбелік зейнеткер алаяқтардың арбауына түсе жаздады. 76 жастағы әжейге белгісіз тұлғалар хабарласып, өздерін құқық қорғау органдары мен банк өкілдері ретінде таныстырған. Ақшаңыз қауіпте деп сендірмек болыпты. Қарияның сеніміне кіріп, барлық жинағын шешіп алып, басқа есепшотқа аударуға көндірген. Зейнеткер банк бөлімшесіне келген сәтте телефон қоңырауы толастамаған. Дәл осы кезде банк қызметкерлері клиенттің мазасыз күйіне назар аударады. Әжейдің абыржып тұрғанын, ал телефонына тынымсыз қоңыраулар түсіп жатқанын байқаған мамандар бірден қауіпсіздік қызметіне хабар берген. Көп ұзамай оқиға орнына зейнеткердің жақындары келіп, оны алаяқтардың ықпалынан арашалап қалған. Осылайша, жылдар бойы жиналған қаражат бөтеннің қолына өтпей, сақталып қалды. Полицияның мәліметінше, зейнеткерді алдамақ болғандар шетелден әрекет ететін ұйымдасқан қылмыстық топтың өкілдері. Қазір аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін қырағылық танытып, үлкен қылмыстың алдын алған банк қызметкерлері марапатталды. Тәртіп сақшылары олардың кәсіби жауапкершілігі мен адам тағдырына бейжай қарамағанын ерекше атап өтті.Количество показов: 6
Дата создания: 14.05.2026 06:49:37



















