БАҚ саласында қызмет етіп жүрген тілшілер марапатталды
Қоғамның жайын, халықтың күйін айтып жүрген журналистердің еңбегі ескерілді. Кәсіби мереке қарсаңында облыстық сот ақпарат саласында ұзақ жылдар ерінбей еңбек етіп жүрген БАҚ өкілдерін марапаттады. Кәмшат Қопаева БАҚ саласында 20 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Айтуынша, тілші болуға қызығушылығы балалық шағында басталып, арман айдап арнайы Қ. Жұбанов атындағы АӨУ журналистика кафедрасына оқуға түседі. Студенттік кездің өзінде мамандық бойынша жұмысқа араласып, басылымдарға мақала жазуға кірісіпті. Ол бұл бағытты таңдау себебін жүрек қалауымен байланыстырды. Журналист еңбек жолын газеттен бастап, бүгінде «31 арна» телеарнасында Ақтөбе облысының меншікті тілшісі болып қызмет етеді. Кәмшат Қопаева осы уақытқа дейін мамандығынан ешқашан жалықпағанын айтады. Оның айтуынша, керісінше, журналист болу әр кез жаңа дүниеге үйретеді. Ол әр түрлі жағдайларды көріп, қоғамдық ахуалды оңтайландыруға өз септігін тигізуге тырысатынын айтты. Сонымен қатар, еңбек жолының алғашқы кезеңінде түрлі қиындықтарды еңсеруге тура келгенін де жасырмады. Құрметкен бөленгендер қатарында Рика тв телеарнасының тілішісі Влад Рогушов та бар. Бүгінгі шарада марапат иелеріне арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Әріптестер де бірін-бірі кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс, тың жаңалықтар мен сәттілік тіледі.Количество показов: 19
Дата создания: 27.06.2026 07:52:35



















