Бағбандар жәрмеңкесі өтті
Ерекше жәрмеңкеде бағбандар бөлме гүлдерін — 800-2500 теңге, ал жеміс көшеттерін 2000 -12000 теңге аралығында сатып жатыр. Алма, алмұрт, жүзім ағаштарының да түрлі сортын әкелген екен . Қазір ақтөбеліктер арасында көпжылдық гүл егу сәнде дейді кәсіп иелері. Өйткені көпжылдық раушан, гортензия, хризантема гүлдері сұранысқа ие. Қалалықтар үйдегі өсімдіктеріне арналған тыңайтқыштарды да қолайлы бағада сатып алып жатты. Мұндағы сатушылар тұтынушыға кеңес беруден де жалықпайды. Себебі кәсіби бағбандар тыңайтқыштардың қолдану тәсілін де шебер меңгерген. Бұл шара Ақтөбе қаласында осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын көктемде және күзде қала тұрғындары үшін көшеттердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Мақсат — ағаш егу маусымы кезінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ осы салада еңбек етіп жатқан кәсіпкерлердің жұмысын жұртшылыққа таныстыру. Көшет отырғызу ісі де күрделі жұмыстардың қатарына жатады дейді бағбандар. Әрбір ағаштың өзіне тән бабы болады. Сондықтан, тамыры топыраққа тиген шыбықтың уақытында көтеріліп кетуі оның бабына байланысты дейді көшет өсірумен айналысатындар. Дегенмен, бағбандар бабы табылса, Ақтөбеде өспейтін ағаш жоқ деп отыр.Количество показов: 35
Дата создания: 23.09.2025 00:32:10