Бүгіннен бастап елде АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы өспейді
Премьер-министр Олжас Бектеновтың тапсырмасымен бүгіннен бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге уақытша тыйым салынды. Бұл - инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін күшінде болатын мораторий. Энергетика министрлігі енді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, сондай-ақ өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып, ішкі нарықта жанармайдың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етпек. Сонымен қатар, жанармай құю бекеттеріндегі баға саясатына ерекше бақылау орнатылады. Мамандар мұндай қадамның инфляцияны тежеуге және азық-түлік пен қызмет көрсету бағасының күрт көтерілуін болдырмауға сеп болатынын айтады. Өйткені жанармай — экономиканың барлық саласына әсер ететін негізгі өнім. Қазір елімізде мұнай өңдеу зауыттарындағы жағдай тұрақты. Ішкі нарыққа жеткізілетін отын көлемі жеткілікті, логистика да қатаң бақылауға алынған. Талдаушылардың пікірінше, мораторий — уақыт ұту ғана емес, нарықтағы алыпсатарлықты тоқтатып, жүйелі бақылау орнатудың нақты тетігі.Жанармай бағасына уақытша шектеу — қарапайым тұтынушы үшін маңызды жеңілдік. Үкімет алдағы уақытта да баға тұрақтылығын сақтау мен нарықты отынмен үздіксіз қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қабылдай бермек. Негізгі мақсат — халықтың әлеуметтік жағдайына салмақ түсірмей, экономикадағы тепе-теңдікті сақтау.
Количество показов: 21
Дата создания: 18.10.2025 08:34:03