Бүгін - мемлекеттік рәміздер күні
Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні. Жыл сайынғы дәстүр бойынша шаһарда өтетін маңызды мереке орталық саябақтағы "Ту тұғыры" алаңында өтті. Көк туымыз көкке көтерілді. Шараға аймақ басшысынан бастап, құқық қорғау органдары, басқармалар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты. Салтанатты жиын барысында Мемлекеттік Әнұран орындалып, көк байрағымыз көкке желбіреді. Мемлекеттік рәміздер - кез келген елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты белгілері. Халықтың рухын, бірлігін бейнелейтін қасиетті нышандар. Еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ресми түрде 1992 жылы бекітілді. 2007 жылы 4-маусымда "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес, жыл сайын 4-маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде ресми түрде атап өтіледі.Мемлекеттік Ту - көгілдір түсті тікбұрышты мата, ортасында шұғылалы күн және оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Ал, елтаңбамызда дөңгелек нысандағы көгілдір түс аясында шаңырақ тұр, одан күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң және сол жағында қанатты пырақтар бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде бес бұрышты жұлдыз, төменгі бөлігінде "ҚАЗАҚСТАН" деген жазу бар. Мемлекеттік Әнұранымыз ретінде "Менің Қазақстаным" әні 2006 жылы ресми түрде қабылданды. Әні - Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған — Жұмекен Нәжімеденов және ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бүгінгі мереке әр қазақстандықтың бойында еліне деген мақтанышын арттырып, патриоттық рухын нығайтатыны анық. Көгімізде көк туымыз мәңгі желбіресін!
Количество показов: 39
Дата создания: 05.06.2025 07:03:40