Қазақстанда темекінің ең төменгі құны қымбаттауы мүмкін
Қазақстанда темекінің ең төменгі құны қымбаттауы мүмкін. Қазір Қазақстанда бір қораптың ең төменгі бағасы 970 теңге болып белгіленген. Қазақстанда темекі өнімдерінің ең төменгі бағасын көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы министрінің бұйрық жобасы жарияланды. Осы ақпарат төңірегінде тілшіміз қала тұрғындарымен сұхбаттасып, ой-пікірлерін біліп көрді. Шылым бағасының қымбаттауы халық денсаулығын қорғауға бағытталған шаралардың бірі. Алайда тұрғындардың басым бөлігі бағаның өсуі шылым шегушілердің әдетіне айтарлықтай әсер етпейді деген пікірде. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың шамамен 80 пайызы темекінің денсаулыққа зиян екенін айтқанымен, оған тәуелді адам қандай баға болса да сатып алатынын жеткізді. Олардың сөзінше, мәселенің шешімі тек бағаны көтеруде емес, темекінің зиянын кеңінен түсіндіруде жатыр. Ал кейбір тұрғындар жастар арасында темекі шегу әлі де өзекті мәселе екенін айтса, енді бірі соңғы жылдары зиянды әдеттен бойын аулақ ұстайтын жастардың қатары көбейгенін атап өтті. Мамандардың пікірінше, темекі бағасын арттыру зиянды әдеттің алдын алудың бір тетігі ғана. Бұл бағыттағы жұмыстар ақпараттық-түсіндіру шараларымен және салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар жүргізілгенде нәтижелі болмақ. Қазір елімізде 20 дана темекі немесе стиктен тұратын бір қораптың ең төменгі бағасы 970 теңге болып белгіленген. Дегенмен дүкендердегі нақты сауда бағасы бұдан әлдеқайда жоғары. Мысалы қаладағы дүкендерде темекінің ең төменгі бағасы 1 130 теңгеден басталады. Баға тұрақсыз. Темекіге баға жыл сайын көтеріліп тұрады.Количество показов: 12
Дата создания: 08.07.2026 06:05:53



















