Аймақтың бас ғимаратынан өрт шықты
Облыс әкімдігінің Мемлекеттік Туы түсірілді. Аймақтың бас ғимаратынан өрт шықты. Тілсіз жау кеше кешкі сағат 20:21-де облыс әкімдігі ғимаратының шатыр бөлігінен тұтанған. Әбілқайыр хан даңғылының бір бөлігі жабылды. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі жедел жетіп, жалынды ауыздықтауға кірісті. Өрт сөндірушілермен қатар өзге де күштік құрылым өкілдері де шұғыл жетті. Тұрғындар да оқиға орынына көп жиналды. Жан-жақтан түсірілген фото, видеолар әлеуметтік желіге лезде тарап кетті. Оқиға орынына өңір басшысы Асхат Шахаров, басқарма басшылары да келді. Облыс әкімінің айтуынша, қызыл жалын 1 сағаттан астам уақытта толық сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ. Аймақ басшысының мәлімдеуінше, қазіргі таңда жағдай толық бақылауға алынып, арнайы комиссия оның шығу себептерін анықтауда. Ғимараттың негізгі бөлігі аман қалған. Тек шатыр мен алтыншы қабаттағы кабинеттердің кейбір бөлігіне зақым келген. Қазір қалпына келтіру жұмыстарының жоспары әзірленіп жатыр. ТЖД айтуынша, жедел штаб жұмысын атқарып, өрт сөндіруге 33 техника мен 113 жеке құрам жұмылдырылған. Аймақ басшысы өрт толық сөндірілгеннен кейін жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді. Төтенше жағдайлар департаменті, полиция және өзге де құрылымдарға нақты тапсырмалар берді. "Ең бастысы - зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қауіпсіздік шаралары дер кезінде қабылданды, тиісті қызметтердің үйлесімді әрекетінің арқасында жағдай тұрақталды", деді Асхат Шахаров. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары соңғы рет 2022 жылы жүргізіліп, оның ішінде кабинеттер жаңаланған екен. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.Количество показов: 14
Дата создания: 09.04.2026 05:54:07



















