Аймақта жаңа оқу жылында 5 мектеп ашылды
Өңірдегі білім мекемелері жаңа мектептермен толықты. Жаңа оқу жылында "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 5 білім ұйымы ашылды. Төртеуі облыс орталығында, біреуі Мәртөк ауданы Сарыжар елді мекенінде бой көтеріп, білім күнінде оқушыларды қабылдады. Жаңа мектептер заманауи стандарттарға сай, сапалы білімге қажетті құрал-жабдықтармен толыққан. Мектепке дейінгі топтар мен бастауыш сыныптар үшін арнайы кабинеттері бар. Ал, жоғары сынып оқушылары да физика, химия, биология, информатика кабинеттері, STEM-зертхана және заманауи робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Білім алушылардың шығармашылық және практикалық дағдыларын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік педагог, психолог, логопед мамандары да оқушыларға қажетті қолдау білдіруге дайын. Аймақта 400-ден астам мектеп 190 мыңға жуық оқушы қабылдады. Соның 19 мың 298-і биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршін. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның сөзінше, оқу ғимараттарын жөндеу, материалдық-техникалық базасын нығайту, оқулықтармен қамтамасыз ету, педагог кадрлармен қамту және қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары жүргізілген. Мектеп оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 680 млн теңге қаржы бөлінді. 4, 7, 8, 10, 11 сыныптардың оқулықтары жаңартылған мазмұнда басып шығарылған. Оқулықтарды уақытылы жеткізу үшін 13 баспамен келісімшарт жасалған. Оқушылар биыл 100 пайыз оқулықпен қамтылады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 14 мектеп салу жоспарланған. Оның екеуі биылғы көктемде пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 7 білім ошағының құрылысы аяқталады.Количество показов: 19
Дата создания: 03.09.2025 07:56:35