Аймақта кеше, бүгін екі адамның мәйіті табылды
Ырғыз ауданында құтқарушылар 16 жастағы оқушының денесін судан алып шықты. Бозбала 5-маусымда Мамыр ауылында өзенге батып кеткен. Аудан орталығындағы мектеп-гимназияда білім алған 10 сынып оқушысы ауылға демалысқа келіпті. Іздестіру-құтқару жұмыстары 4 тәулікке созылды. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, іздестіру жұмыстарын қолайсыз ауа райы қиындатқан. Қатты жел, лай су мен түбіндегі нашар көрініс басты кедергілер болды.Барлығы 42 адам іздеу жұмыстарына жұмылдырылған. Қатарында ТЖД, полиция департаменті, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері бар. Су астындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін су асты дроны да пайдаланылды. Ал, бүгін таңда тағы бір адамның мәйіті табылды. Сазды өзенінен ер адамның денесі шығарылды. 1962 жылы туған. Алдын ала мәліметтер бойынша, денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша,қазір өлімнің нақты себептері анықталуда. Биыл өңірде 4 бала суға кетті. Төтеншеліктер суға шомылу маусымында аса сақ болуды ескертеді.
Количество показов: 25
Дата создания: 11.06.2025 11:06:28