Аймақта бүгін 2 жарым тонна наурыз көже асылды
"Қазақ халқына мың алғыс" стелласы алаңында Наурыз мерекесі қарсаңында арнайы сахна орнатылып, қала тұрғындары ән мен биден шашу шашқан думанды кештің куәсі болды. Киіз үйлер тігіліп, әр киіз үй өзіндік атаулармен аталды. Батырлардың бейнесі, көшпенділер даласы заманауи LED экрандар арқылы көрсетілді. Тұрғындар жаңа форматта жасалған киіз үйге кіріп тамашалап, бірін-бірі құттықтап жатыр. Мерекелік шара барысында өнерпаздар халық әндері мен билерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Еліміздің белгілі әншілері өнер көрсетті. Алаңға жиналған жұртшылық көтеріңкі көңіл-күйде, өнерпаздарға қолдау білдірді. Сонымен қатар, ұлттық нақыштағы бұйымдарымыздың жәрмеңкесі болды. Қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілікке ұсынылды. Қала тұрғындары мен қонақтары кәдесыйлар сатып алып, ұлттық мәдениетке қызығушылық танытты. Қолөнершілердің бірі - Баян Ыбырайымова. Ол мереке күндері жасаған қолөнер бұйымдарын сататытын айтты. Жалпы өңірде 26 алаңда 60-қа жуық киіз үйлер тігілген. 2,5 тонна наурыз көже жасалып, 1,5 тонна бауырсақ дайындалған. 1 тонна палау басылған. Осылайша, Наурыз қарсаңындағы думанды шара қала тұрғындары үшін ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды.Количество показов: 12
Дата создания: 23.03.2026 07:20:57



















