Аймақ басшысы балаларды қуантты
№3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы - өңірдегі психикалық, физикалық және ақыл-ой дамуында ерекшеліктері бар балаларға қолдау көрсететін стационарлық үлгідегі жалғыз мемлекеттік мекеме. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, қазіргі таңда мұнда психикалық дамуы тежелген 59 бала ем қабылдап жатыр. Оларды облыс әкімі Асхат Шахаров жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сыйлықтар сыйлады. Аймақта қазір 6 мыңнан астам адам психикалық ауруларға шалдыққан, олардың 45 пайызы - бала. Барлығын оңалту көмегімен қамтамасыз ету үшін балаларға арналған осы бағыттағы тағы бір мемлекеттік мекеме ашу жоспарланған. Айта кету керек, облыс орталығында ересектерге арналған №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жайна» оңалту стационары жұмыс істейді. Қазіргі уақытта онда 50 кәмелетке толмаған науқас ем қабылдап жатыр. Одан кейін өңір басшысы көпсалалы облыстық балалар ауруханасына барды. Бұл - облыстағы жалғыз хирургиялық стационар, мұнда тек Ақтөбе облысының ғана емес, көршілес өңірлердің балалары да емделіп, оңалтудан өтеді. Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Қожиннің айтуынша, стационар 310 төсек-орынға арналған. Жыл сайын мұнда 14 мыңнан астам бала ем қабылдайды, тағы 700-ге жуық бала оңалту курсынан өтеді. Оңалту орталығында кішкентай пациенттерге операциялардан, жарақаттардан және ауыр сырқаттардан кейін кешенді көмек көрсетіледі. Тиімді оңалту үшін орталықта арнайы тренажерлер мен бассейн қолданылады, бұл балалардың тезірек қалпына келуіне және қажетті дағдыларды дамытуына мүмкіндік береді, дейді аурухана мамандары. Биыл ауруханада жөндеу жұмыстары жүргізілген. Асхат Шахаров балалар денсаулығын сақтаудың маңыздылығын, кардиохирургиялық көмекті одан әрі дамыту және пациенттердің ем алу жағдайын жақсарту қажеттігін алға тартты. Асхат Шахаров аурухананың бөлімшелерін аралап, балалармен кездесіп, оларға сыйлықтар үлестірді.Количество показов: 7
Дата создания: 30.12.2025 07:43:11



















