Ғарышкерлер апталығы басталды
Қалада «Қазақстандық ғарышкерлердің жұлдызды жолы» атты Ғарышкерлер апталығы өтіп жатыр. 6-13 сәуір аралығын қамтитын іс-шара 12 сәуір Халықаралық адамның ғарышқа ұшу күніне және қазақ ғарышкерлері В. Пацаевтың, Т. Әубәкіровтің және Т. Мұсабаевтың ғарышқа ұшуларының мерейтойларына арналып ұйымдастырылған. Ал бүгін облыстық планетарийге М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушылары келіп, ғарышкелердің тарихымен танысып, жұлдызды әлемге виртуалды саяхат жасады. Алдағы уақытта апта бойы планетарийде ғарыш тақырыбында танымдық дәрістер ұйымдастырылып, мектепке дейінгі балаларға да арналған «Ғарыш десанты» атты мобильді планетарий бағдарламасы жасалған. Бағдарлама аясында 6 сәуір күні №83 мектепте апталықтың ашылу рәсімі өтіп, «Ғарышкерлер бұрышы» мен арнайы ғарышкерлер сыныбы ашылған. Ал 9 сәуір күні Балалар көркемсурет мектебінің жас суретшілерінің «Менің Космосым - менің Қазақстаным» атты сурет көрмесін ашу, 10 сәуір күні Н. Байғанин атындағы кітапханамен бірлесіп «Ғарыш - болашақтың бағыты» атты танымдық сабақ өткізу жоспарланған. Апталық Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткізіліп жатыр. Ғарышкерлер апталығы 12 сәуір күні ғарышкер-қаһарман Виктор Пацаевтың ескерткіші жанында өтетін дәстүрлі шарамен қорытындыланады деп жоспарлануда. Облыстық планетарийдің ғылыми қызметкерінің айтуынша, бұл күні қала ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, оқушылар мен жас ұшқыштар мектебінің курсанттары қатысып, ескерткішке гүл шоқтарын қояды.Количество показов: 17
Дата создания: 07.04.2026 05:22:02



















