«AQTOBE INVESTMENT FORUM - 2025» форумы басталды
Ақтөбеде «AQTOBE INVESTMENT FORUM - 2025» форумы басталды. Әлемнің 20 мемлекетінен келген инвесторлар мен сарапшылар жиналды. Халықаралық диалог алаңында облыс әкімдігі мен инвесторлар арасында өңір экономикасын дамытуға бағытталған бірнеше өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы Қазақстан мен шетелден келген бизнес және билік өкілдерін жинады. Аймақпен әріптестік мәселесін 20-дан астам ел өкілдері талқылады. Қатарында Австрия, АҚШ және Қытайдан келген қонақтар да бар. «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық өсім» тақырыбындағы пленарлық отырыста өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті, жаңа өндіріс нүктелері мен алдағы бес жылға арналған даму бағыты сөз болды. Жыл басынан бері өңір экономикасына 892 миллиард теңге тартылып, былтырғы жылмен салыстырғанда 129 пайызға артқан. Биыл жалпы құны 110 миллиард теңгеден асатын сегіз жоба жүзеге асырылып, жаңартылатын энергия көздерінің ірі нысаны іске қосылған. Халықаралық форумға 40-тан астам шетелдік компания қатысты. Олардың қатарында жетекші өнеркәсіп корпорациялары, технологиялық хабтар, даму институттары мен бірқатар халықаралық ұйымдар бар. Сондай-ақ 7 елдің елшілігі мен сауда өкілдіктерімен жеке кездесу өткізілмек. 25 компанияның өкілдері бар Қытайдан келген инвесторлар ерекше қызығушылық танытты, дейді жауаптылар. Іс-шара ертең де жалғасады. Пленарлық отырыстан кейін облыс әкімдігі мен инвесторлар арасында 448 млрд теңгені құрайтын 17 меморандум мен келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер өңірге жаңа өндірістер, технологиялар мен капитал тартуға мүмкіндік береді. Екінші сессия агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға арналса, үшінші жиында жасанды интеллект пен цифрландырудың экономикалық өсімге ықпалы қарастырылды. Шара қонақтарына өңірдің инвестициялық әлеуеті көрсетіліп, өңірлік тауар өндірушілердің көрмесі және аймақтың нысандарына өндірістік экскурсия ұйымдастырылды.Количество показов: 11
Дата создания: 05.12.2025 09:07:32



















