«AQTÓBE» Олимпиадалық спорт клубы жұмысын бастады
Аймақта «AQTÓBE» Олимпиадалық спорт клубы жұмысын бастады. Мұнда 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына спортшылар дайындалады. Клуб құрамына дзюдо, грек-рим және еркін күрес, бокс, таэквондо сынды бес спорт түрінен 40-тан астам спортшы енген. Жаттықтырушылар штабы тәжірибелі мамандармен қамтылған. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтың сөзінше, спортшыларға клубта қажетті барлық жағдай жасалған. Қаржы бөлініп, оқу-жаттығу жиындарына қатысады. ҚР Туризм және спорт министрлігінің арнайы комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша өңір үшін басым саналатын спорт түрлерінің тізімі анықталды. Қатарында футбол, еркін және грек-рим күресі, дзюдо, джиу-джитсу, каратэ, қазақша күрес, аударыспақ, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық спорт түрлері бар. Бұл шешім өңірдегі тарихи қалыптасқан спорттық дәстүрлер мен жастардың жоғары әлеуетін ескере отырып қабылданған. Мейрамбек Махамбетов биылғы ең маңызды спорттық жетістіктерін де атап өтті. Ақтөбелік спортшылар халықаралық және республикалық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп, дзюдо, жүзу, волейбол, күрес, парадзюдо, каратэ және ұлттық спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды. Аударыспақ бойынша облыс елдегі үздік өңір деп танылды. Жуырда Қобдада өткен Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойында да ұлттық спорт түрлері бойынша турнир өтті. Қазақша күресте 80 келіге дейін салмақта ақтөбелік Бекзат Шакизаев, 80 келіден жоғары салмақта жамбылдық Ғалымжан Қырықбаев чемпион атанды. Ал бәиге жарыстары аламан бәиге, топ бәиге, құнан бәиге санаттары бойынша өтті. Әр санатта 30-ға жуық шабандоз қатысты.Количество показов: 20
Дата создания: 18.06.2025 11:57:50