Қандыағаш-Ембі тас жолдындағы Жем өзені арқылы өтетін көпір жабық
Республикалық маңызы бар жолдардың 1869 шақырымы біздің өңірмен өтеді. Екі жол учаскесі биыл жаңартылып, 43 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында "ҚазАвтоЖол" компаниясының өкілдері мәлімдеді. Филиал директорының айтуынша, жаңартылатын учаскелерге Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының 149 шақырымы және Ақтөбе - Хромтау жолының 28 шақырымы енеді. Ақтөбе-Қандыағаш тас жолындағы жұмыстар 1 ай бұрын басталып кеткен, биыл толығымен аяқталуы тиіс. Ақтөбеліктердің бірнеше жылдан бері сынына ұшырап, жөндеуді қажет етіп тұрған тағы бір жол - Ақтөбе-Хромтау тас жолы. Аталған учаске Ақтөбе-Ұлғайсын жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Нақтырақ айтсақ, 262 шақырым жол жаңадан салынбақ. Жоба 7 учаскеге бөлінген. 28 шақырымындағы жол құрылысын Синемедострой мердігерлік компаниясы биыл бастайды. Айбол Данағұлдың айтуынша, Ақтөбе-Хромтау тас жолы жаңадан салынып болғанша, ескі жолға ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Атап өту керек жаңадан салынатын жол құрылысы кезінде биыл көктемгі су тасқыны кезіндегідей тас жол су астында қалмауы үшін тиісті шаралар жасалатын болады. ҚазАвтоЖол басшысы биыл су тасқыны кезінде су шайып кеткен тас жолдар мен көпірлердің қалпына келтіріліп, қазір көлік қатынасы үздіксіз жүріп жатқанын атап өтті. Тек бір ғана учаске әлі жабық тұр. Ол Қандыағаш қаласы мен Ембі ауылының арасындағы Жем өзені арқылы өтетін көпір. Салынғанына 50 жылға жуық уақыт болған көпір әбден ескірген. Сондықтан ағымдағы жылы бұл көпірді күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу жоспарланған. Әзірге көпір жөндеу жұмыстары қашан басталатыны белгісіз. Ал, тұрғындар Ембіге қатынауы үшін айналма жолмен жүруге мәжбүр. Атап өтейік, биыл көктемгі су тасқыны кезінде облыстық маңызы бар жолдарды су басу және су шаюдың 8 фактісі тіркелді. Екі көпір бұзылып, оның бірі қалпына келтірілді.Количество показов: 470
Дата создания: 24.04.2024 05:29:08