Алтынсарин 10 мекен-жайындағы шағын сквер жаңарды
"Таза қазақстан" акциясы аясында қаламызда қоғамдық кеңістіктердің абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл қала бойынша 26 аумақты жаңарту жоспарланып, оның 12-сі пайдалануға берілді. Жаңарған орындардың бірі - Алтынсарин көшесіндегі шағын сквер. Бір кездері қараусыз қалған аумақ, бүгінде тұрғындар тынығатын көрікті жерге айналған.Қаламыздың Алтынсарин 10 көшесінде орналасқан бұл аумақ бұған дейін көп жылдар бойы қараусыз жатқан. Енді шамамен 2 мың шаршы метр жер абаттандырылып, шағын жасыл аллеяға айналды. Жоба кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен жүзеге асқан. Жауаптылардың айтуынша, былтыр кәсіпкерлердің демеушілігімен 15 саябақ жаңартылған. Ал биыл 26 қоғамдық кеңістікте абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның 12-сі толық аяқталған. Жұмыстармен қала әкімі Азамат Бекет танысты. Мамандар тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасалғанын айтады. Айтуларынша, мұнда болаттан жасалған антивандалдық орындықтар орнатылып, жаяу жүргіншілер жүретін жерлерге брусчатка төселген. Сондай-ақ асфальт жабыны жаңартылып, суару жүйесі тартылған. Жерге көгал төселіп, қосымша бұталар мен гүлдер отырғызылған. Кешкі уақытта аумақты жарықтандыру үшін электр бағандары орнатылып, саябаққа арналған шамдар қойылған. Жоба аясында ескірген скверлер жаңғыртылып қана қоймай, жекеменшіктен мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерде де жаңа қоғамдық кеңістіктер құрылып жатыр. Негізгі мақсат қаланың көркін арттырып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз демалыс орындарын көбейту.
Количество показов: 14
Дата создания: 19.08.2026 07:47:53



















