Қаламызда жеке тұрғын үй өртеніп, түгелдей бір отбасы үйсіз қалды
Пригородный тұрғын алабында жеке тұрғын үйден шыққан өрт бір отбасының баспанасын күлге айналдырған. Төтенше жағдайлар қызметі өрттің алдын ала себебі ретінде электр сымдарының қысқа тұйықталуын атаған. Алайда үй иесі мен көршілері бұған күмән келтіріп, өртке электр желісіндегі кернеудің ауытқуы себеп болуы мүмкін деп есептейді. Өртенген үйдің иесі бұл оқиғаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізілуін сұрайды. Қала маңы, яғни Пригродный тұрғын алабындағы Сейфуллин көшесінде орналасқан жеке тұрғын үй бір сәтте отқа оранды. Өрт кеше түске таман, сағат 11 шамасында болған. Сол сәтте үйде ешкім болмапты. Үй иесі екі баласымен және өгей анасымен тұратынын айтты. Күйеуі өмірден озыпты. Балаларының үлкені - 10 жаста болса, кішісі - 4 жаста. Сол күні үй іші қонаққа кетіп, тілсіз жаудан аман қалғандарын айтады. Өртті алғаш болып көршілері байқап, бірден құтқарушыларды шақырған. Алайда жалын үйді толық шарпып, баспана түгелдей жанып кеткен. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өрттің алдын ала себебі ретінде электр сымдарының қысқа тұйықталуын атаған. Бірақ үй иесі бұл нұсқамен келіспейді. Оның айтуынша, өрт болған сәтте маңайдағы бірнеше үйде тұрмыстық техникалар істен шығып, олар да жанып кеткен. Сондықтан көршілері де, өзі де электр желісіндегі кернеудің күрт ауытқуы немесе электр желілеріндегі ақауы себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді. Қазір бір мезетте үйінен айырылып, баспанасыз қалған отбасы уақытша таныстарының үйін паналап отыр. Үй иесі оқиғаға қатысты толық сараптама жүргізіліп, нақты себеп анықталса дейді. Егер өрт сыртқы электр желілеріндегі ақаудан болғаны дәлелденсе, шығындардың өтелуін сұрайды.Количество показов: 21
Дата создания: 21.07.2026 08:08:01



















