Қалада жаңа кәріздік тазарту станциясының құрылысы басталды
Жаңа нысан 1981 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, бүгінде 70 пайызға тозған қолданыстағы станцияның орнын алмастырады. Жобаның құны - шамамен 43 млрд теңге.Қалада кәріз жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімі Асхат Шахаров құрылыс алаңына барып, жаңа кәріздік тазарту станциясының құрылыс барысымен танысты. Жаңа кәріздік тазарту станциясы тәулігіне 100 мың текше метр ағынды суды тазартуға есептелген. Ал ең жоғары жүктеме кезінде оның қуаты 130 мың текше метрге дейін жетеді. Жоба заманауи технологияларды қамтиды. Мұнда ағынды суды механикалық және биологиялық тазарту, ультракүлгін сәулемен залалсыздандыру жүйелері қарастырылған. Сонымен қатар тұнбадан биогаз өндіріліп, оны электр энергиясын өндіруге пайдалану жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны шамамен 43 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланған. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаны қорғауға және санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір құрылыс алаңында мердігер ұйымның мамандары жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі артқан сайын жұмысшылар саны да көбейтіледі. Жоспар бойынша нысанда бір мезетте 350 адамға дейін еңбек ететін болады.
Количество показов: 19
Дата создания: 18.08.2026 07:34:21



















