Қалада тұрмыстық жанжалға байланысты 3 мыңнан астам шағым тіркелген
Жанұядағы кикілжіңнің себебі әртүрлі. Шыққан жанжалдың соңы ұрыс-керіспен аяқталған. Жан жарынан таяқ жеген нәзік жандылар полиция инспекторларын көмекке шақырған. Статистикаға сүйенсек, биыл отбасындағы жанжал санаты бойынша тіркелген өтініштер саны біршама артқан. Облыста былтыр 2733 шағым тіркелсе, осы жылы 3400-ге жетеді. 415 жағдайда әйелдер полицейді бірнеше рет шақырған. Бүгін үш күндік акция аясында мамандар орталық базар маңында қыз-келіншектерге ақпараттық қолдау нөмірлері жазылған парақшалар таратты. Қазір қаладағы арнайы әлеуметтік көмек көрсету бөлімінде 179 адам тұрып жатыр. Оның 57-сі әйел, 122-сі - кәмелеттік жасқа толмаған балалар. «Аққу» дағдарыс орталығында 44 адам, ал «Ана үйі» қоғамдық қорында 28 адам тұрақты көмек алып тұрады. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық жанжалға көз жұма қарау мәселені ушықтыруы мүмкін. Сондықтан қауіп төнген жағдайда нәзік жандылар дереу полицияға хабарласып, дағдарыс орталықтары мен әлеуметтік қызметтің көмегіне жүгіне алады. Құқық қорғау органы өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау қаупі бойынша бұрын жауап алынған 2678 азаматқа қатысты нұсқама шығарған. Аумақтық полиция инспекторлары отбасылық жанжалға бейім азаматтармен профилактикалық жұмыс жүргізген. Қажет болған жағдайда олардың мінез-құлқына қатысты шектеулер де белгіленеді, дейді мамандар. Ал тұрмыстық жанжалдың соңы әкімшілік жауапкершілікке де әкелуі мүмкін. Сегіз айда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы бойынша 2403 хаттама толтырылған.Количество показов: 11
Дата создания: 24.09.2026 09:36:49



















