Қалада соңғы 12 күнде полиция өкілдері 497 кәмелетке толмаған жасөспірімді ұстаған
Қала бойынша балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған "Назар аударыңыз, балалар!" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. 15 тамызда басталған рейдтік шаралар 30 тамызға дейін жалғасады. Полиция қызметкерлері қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, балалардың түнгі уақытта қараусыз жүруі мен жол қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауда.Қалада рейд барысында соңғы 12 күнде полиция бөлімдеріне 497 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілген. Оның ішінде 459 жасөспірімнің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені анықталып, ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол дегеніміз кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген деректері әлі де анықталып отырғанының көрсеткіші. Одан бөлек, ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүрген 12 кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталған. Облыстық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының айтуынша, кәмелетке толмағандарды сағат 22:00-ден кейін ересектердің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарына кіргізген 14 кәсіпкерлік нысан жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 56 ата-анаға әкімшілік шара қолданылған. Полиция балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін өнімдердің сатылуына да бақылау жүргізуде. Мамандар рейд барысында 21 жасқа толмаған тұлғаға энергетикалық сусын сату бойынша бір дерек анықталғанын айтады. Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Балалардың жолдағы қауіпсіздігі де басты назарда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабына сәйкес, балаларды көлікпен тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзудың 157 дерегі анықталған. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік қозғалысы кезінде баланың денесін терезеден шығару сияқты фактілер тіркелді, дейді полиция өкілдері.
Количество показов: 9
Дата создания: 28.08.2026 09:01:00



















