Қалада халықаралық шахмат фестивалі басталды
Ақтөбе халықаралық деңгейдегі зияткерлік спорт орталығына айналды. Бүгін дәстүрлі халықаралық "Владимир Дворкович мемориалы - Aktobe Open 2026" шахмат фестивалінің шымылдығы түрілді. Зияткерлік додаға әлемнің 21 елінен келген жүздеген шахматшы, оның ішінде 23 гроссмейстер қатысуда. Жарысқа қатысушылардың дені әлемдік рейтингте жоғары дәрежеге ие спортышлар. Жарыстың ашылу салтанатында ұйымдастырушылар турнирдің халықаралық деңгейдегі маңызын атап өтті. Бұл Қазақстандағы ең ірі шахмат турнирлерінің бірі саналады.Аталған фестивал өңірде 2019 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде ол Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы беделді шахмат турнирлерінің біріне айналған. Сонымен қатар фестиваль Қазақстан Кубогының алғашқы кезеңі болып саналады. Турнир екі санат бойынша өтеді. Masters тобында әлемдік рейтингте жоғары орын алатын танымал шахматшылар бақ сынаса, Open турнирінде жас спортшылар мен әуесқой ойыншылар өз шеберліктерін көрсетеді. Биылғы жарыстың ерекшелігі - қомақты жүлде қоры. Masters турнирінің жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайды. Ал Open турнирінің жеңімпаздары да ақшалай сыйақыға ие болады. Тоғыз турға созылатын жарыс 11 маусымға дейін жалғасады.
Количество показов: 11
Дата создания: 04.06.2026 06:49:25



















