Қалада Қарасай батыр көшесіндегі құбырлар жаңартылуда
Қалада жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қаланың ескі бөлігін жылумен қамтитын маңызды желілердің бірі жаңғыртылуда. Қарасай батыр көшесіндегі 400 метрлік учаскеде ондаған жыл пайдаланылған құбырлар жаңасына ауыстырылуда.Бұл жылу желісі 1967 жылы салынған. Ал соңғы рет 2007 жылы жөнделген. Бүгінде әбден тозған құбырлар толық алынып, орнына диаметрі 630 миллиметр болатын жаңа құбырлар орнатылды. Қайта жаңғыртылып жатқан учаске Қарасай батыр көшесінің Жүргенов көшесінен Жанқожа батыр көшесіне дейінгі аралығын қамтиды. Бұған дейін мұнда диаметрі 530 миллиметр құбыр пайдаланылған. Қазір мұнда жұмыстың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Жылу желісі өтетін арнайы арна жасалуда. Нысанда 21 маман мен 16 арнайы техника жұмылдырылған. Жобаға 366 миллион 700 мың теңгеден астам қаражат бағытталған. Нысанды 25 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі Асхат Шахаров құрылыс барысын бақылап, жауапты қызметтерге жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Әсіресе жылу беру маусымы басталғанға дейін барлық нысандардың толық дайын болуы маңызды екенін атап өтті. Айта кетейік, жаңғыртылып жатқан бұл жылу желісі қаланың ескі бөлігінің шамамен 65 пайызын жылумен қамтиды.
Количество показов: 18
Дата создания: 18.08.2026 07:38:30



















