Қала тұрғындары көшенің санитарлық жағдайын айтып шағымданды
Айгөлек көшесінің тұрғындары жылдар бойы өз көшелерінде шешілмей келе жатқан мәселелерін айтып, редакциямызға хабарласты. Атап айтсақ, жолдың сапасы, көше жарығы мен қоқыс мәселесі халықтың күнделікті тұрмысына кері әсерін тигізіп, келеңсіздік туғызып отыр. Бұрынғы Айгөлек, қазіргі Байғазы көшесінің тұрғындары бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселесін айтып наразы. Айтуларынша, жол және жарық мәселесімен қоса, көшедегі қоқыс жағдайы да тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. "Қатты тұрмыстық қалдықтар тұрақты түрде шығарылғанымен, кейбір адамдар қоқысты белгіленбеген жерге тастап кетеді. Соның салдарынан аумақ қайта ластанып, әсіресе жаз мезгілінде жағымсыз иіс шығып, қоқыс айналаға шашылып жатады" - дейді көше халқы. Тұрғындар бұл жерде халықтың да жауапкершілігі болуы тиіс екенін жасырмайды. Әйтсе де, қала тазалығына жауаптылар көшенің санитарлық жағдайын тұрақты бақылауға алса дейді. Бұл үшін көшеге бейнекмамералар қойылса деген ұсыныстарын білдірді. Тағы бір тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе- жол. Көшеде асфальт жол жоқ болғандықтан, қыс, көктем мезігілінде көлікпен де, жаяу жүру де қиындайтын көрінеді. Сондықтан тұрғындар өздері жолға тас төсеп реттеген. Көше жарығы да көңіл көншітпейді. Тұрғындардың сөзінше, қаңтар айында әкімдікке барып, мәселені айтқан. Жауаптылар болса, жарық орнатылатынын айтыпты, әйтсе де, әзірге дейін жарық көшеде жоқ. Сондықтан тұрғындар ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған инфрақұрылымдық мәселелерді жауапты мекемелер назарға алуын сұрайды. Ал аудан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жауабы бойынша бейнебақылау камераларын орнату әзірге мүмкін емес. Себебі оған арнайы қаражат бөлінбеген. Оған қоса, интернет желісімен де қиындықтар бар екенін жеткізді. "Көше тұрғындары өздері де жауапкершілік алуы тиіс", - дейді бөлім басшысы. Ал қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Айгөлек көшесі болашақта жөнделетін аудандар қатарында жоспарға енгізіліп, көшені жарықтандыру, жолды жөндеу жоба аясында қарастырылған.Количество показов: 26
Дата создания: 07.08.2026 07:37:10



















