Алғада құны 110 миллиард теңгелік цемент зауыты салынып жатыр
Алға ауданының биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты. Ауданда инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым саласында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында бүгін Алға ауданының әкімі мәлімдеді. Алға ауданында биыл барлық салада өсім байқалады. Өнеркәсіп көлемі 9,4 миллиард теңге, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 17,8 миллиард теңгеге жеткен. Құрылыс саласы 16,5 миллиард теңге, ал инвестиция көлемі 43,4 миллиард теңгені құрады, дейді аудан басшысы. Ауданда ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – құны 110 миллиард теңге болатын цемент зауытының құрылысы. Сондай-ақ сүт цехы, асыл тұқымды мал шаруашылығы мен кемпинг жобалары бар. Инженерлік инфрақұрылым саласында да ілгерілеу бар. Атап айтсаұ, 28 елдімекеннің 100 пайызға жуығы ауыз сумен, 25 ауылдың 98,8 пайызы газбен қамтылған. Электр желілерін жаңартуға 1,49 миллиард теңге бөлініпті. Жол құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімінің сөзінше, биыл 58 шақырым жол жөнделіп, 7 елдімекендегі 33 көше жаңартылды. Алға ауданында 50-ге жуық білім мекемесі бар. Ал, денсаулық сақтау бағытында жаңа медициналық нысандар салынуда. Мәдениет пен спорт саласында да оң өзгерістер бар, дейді Шүйіншалиев.Количество показов: 24
Дата создания: 31.10.2025 08:03:37














 
 
    




 
 