Абайтанушылар құрметке ие болды
Ұлы ақын Абайдың 180 жылдығына орай бүгін өңір басшысы Асхат Шахаров абайтанушылармен кездесті. Іс-шараға жетекші ғалымдар, педагогтер мен Абай оқуларының жеңімпаздары қатысты. Асхат Шахаровтың сөзінше, Абайдың мол мұрасы адамгершілік пен парасаттылық негіздерін қалап берді. Біздің ортақ міндетіміз – осы құндылықтарды өскелең ұрпаққа жеткізу. Аймақ басшысы абайтанушыларға ұлттық өзіндік сананы және жастардың рухани тәрбиесін дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. 10-ға жуық азаматқа алғыс хаттар табыстады. Марапатталғандар қатарында Алтай Тайжанов, Қуанышбай Қонтай, Диана Ескелдина, Юрий Гончаров, Эльмира Аймағанбетова бар. Марапатқа ие болғандардың бірі - абайтанушы Қуанышбай Қонтай. Ақсақал ұлы ақынды зерттеуге саналы ғмырын арнаған. Абайды тану, ақын өлеңдерін жалпы қазаққа насихаттау, мұрасын жинақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу үрдісін 50 жыл бұрын бастаған. Ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдерін түгел жатқа біледі. Бүгін Асхат Шахаровтың қолынан "Абай 180 жыл" деп жазылған арнайы сағат алды. Ақтөбе қашан да Ұлы ақынның есімін ұлықтап келеді. Аймақта Абай Құнанбайұлы есімді 5 адам тұрады. Абай және оның жақындары Зере, Ұлжан, Ділдә, Әйгерім, Тоғжан иеленген өңірде 3287 адам бар. Ал, шаһарда 1316 адам тұрады. 640 ақтөбелік Абай есіміне ие. Жиын соңында аймақ басшысы биыл мектеп табалдырығын аттайтын Абай есімді балаларға құрмет көрсетті. Оларға батасын беріп, мектеп сөмкесі мен Абай кітабын табыстады.Количество показов: 19
Дата создания: 08.08.2025 06:06:04