Ақтөбеліктер Шәмші әндерін шырқады
Шаһарда ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған шара ауа райының қолайсыздығына байланысты 2 күнге созылды. 15-тамызда ақтөбеліктер Әдебиет аллеясындағы Шәмші ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, сазгердің рухына тағзым етті. Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев пен «Ән аға – Шәмші аға» қоғамдық қорының төрағасы Бақыт Ғиззатов сөз сөйлеп, Шәмшінің қазақ музыкасына қосқан өлшеусіз үлесі мен өнердегі мәңгілік мұрасы жайлы тағылымды ойларымен бөлісті. Ал, сенбіде ақтөбеліктер Шәмші әндерін ретро фестивальде шырқады. Триатлон саябағында ұлы композитордың ең таңдаулы әндері эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен белгілі өнер жұлдыздары мен жас орындаушылардың қатысуымен шырқалды. Көрермендер «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Ана туралы жыр», «Өмір өзен» сынды халық сүйіп тыңдайтын әндерді өнерпаздармен бірге шырқады. Сахнада «Әлия Гүлі» қазақ би ансамблі, «Атамекен - Асылым» ардагерлер ансамблі, “Жаңа KZ” тобы, Ақтөбе вокалды-аспаптар ансамблі мен белгілі өнер иелері өнер көрсетті. Одан бөлек, Арбат алаңы мен Денсаулық саябағында да ретро концерттер ұйымдастырылды. «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқов – қазақ эстрадасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның әндері қазақстандықтардың мәңгі жадында. Қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталған «Менің Қазақстаным» әні бүгінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналды. Бұл – композитор шығармашылығының мәңгілік құндылыққа айналғанының айқын дәлелі.Количество показов: 103
Дата создания: 19.08.2025 07:49:41



















