Ақтөбеліктер сапасыз тауар, кешіктірілген жеткізу қызметіне жиі шағымданады
Ақтөбеліктер облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне жиі шағымданады. Жұртшылық көп жағдайда сапасыз тауар, кешіктірілген жеткізу, көрсетілмеген қызмет мәселелеріне көңіл толмаушылық білдірген. Дүкен тауарды айырбастаудан бас тартқан жағдай да кездескен. Сөре мен кассадағы баға сәйкес келмеуіне қатысты да шағымдар бар. Биыл 9 айда депатаментке түскен өтініштер саны артып отыр. Былтыр 1363 өтініш тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 1868-ге жеткен. Ең көп шағым бөлшек саудаға қатысты. Бұл бағытта 595 өтініш түскен. Тұрмыстық қызмет көрсету саласында 579, ал электрондық сауда бойынша 322 өтініш тіркелген. Әсіресе, интернет арқылы сауда жасау кезінде туындайтын мәселелер көбейіп отыр. Өткен жылы электрондық саудаға қатысты 261 өтініш түссе, биыл олардың саны 23 пайызға артқан. Тұтынушылар көбіне тауардың уақытында жеткізілмеуіне, сапасына және ақшаны қайтару мәселесіне шағымданады. Биыл осы бағытта 978 тұтынушының мәселесі қанағаттандырылған. Тағы 226 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. 398 өтініш тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Қазіргі уақытта 40 өтініш қаралып жатыр. Ал мемлекеттік бақылау барысында биыл 209 әкімшілік шара қабылданыпты. Кәсіпкерлік субъектілеріне салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5 миллион теңгеге жуық. Негізгі заңбұзушылықтар қатарында тауар бағасының көрсетілмеуі, сауда үстемесінің белгіленген мөлшерден асуы, тұтынушыларға қажетті ақпараттың берілмеуі және тауарды қайтару тәртібінің бұзылуы бар. Бұдан бөлек, департамент сот процестеріне де қатысады. Жыл басынан бері мамандар 40 сот отырысына қатысқан. Оның үшеуі әлі қаралып жатыр.Количество показов: 13
Дата создания: 15.10.2026 10:20:10



















