Ақтөбеліктер Амал мерекесін тойлауды бастап кетті
Наурыздың бастауы саналатын Көрісу күні - халық бір-бірімен ұзақ қыстан аман шыққанына қуанып, көрісіп, амандық сұрасатын мереке. Амал мерекесін бүгін Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі атап өтті. «Амалдың ақ таңы - Көрісу салты» атты мәдени танымдық іс-шара өтті. Мереке колледж ауласында ұстаздар, студенттер және ардагерлердің жиналуымен басталды. Дәстүрге сай шашу шашылып, жиналған қауым бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін жеткізді. Шараның басты мақсаты – жастарға қазақ халқының салт-дәстүрлерін таныстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Білім ордасының ауласында ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Студенттер асық атып, ләңгі теуіп, арқан тартып өзара бақ сынасты. Мерекелік бағдарлама қызыл кілеммен қарсы алу рәсімімен жалғасып, студенттердің би қойылымдары, дәстүрлі музыкалық шығармалар мен жанды күй орындаулары көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. «Күй керуені» атты музыкалық бөлімде күй тартылып, жыр мен терме орындалды. Осындай шаралар арқылы жастар ұлттық мәдениетке жақындап, ата-бабадан қалған рухани мұраны дәріптеуге мүмкіндік алады.Количество показов: 8
Дата создания: 14.03.2026 07:40:07



















