Ақтөбелік параспортшылар Азияда топ жарды
Ақтөбелік параспортшылар Азияда топ жарып, бір алтын, бір қола медальға ие болды. Қазір Таиланд астанасы Бангкок қаласында Азия-Тынық мұхиты аймағының пара пауэрлифтинг чемпионаты өтіп жатыр. Шара 7-12 сәуір аралығында өтеді. Жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жарыста ел намысын қорғаған спортшылардың бірі - Әлібек Нұраш. Жасөспірімдер арасында -49 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Спорттық додада чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ол 85 келі зілтемірді бағындырып, үш әрекеттің қорытындысы бойынша 232 келі нәтижені көрсетті. Ал, -50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ақтөбелік спортшы Гүлім Құрманбаева қола жүлдегер атанды. Гүлім 104 келі зілтемірді көтеріп, жалпы есепте 302 келі нәтижені тіркеді. Осы жетістігінің нәтижесінде ол биыл қазан айында Жапонияда өтетін V Пара Азия ойындарына қатысуға лицензия алды. Қос спортшыны жарысқа жаттықтырушылар Орынтай Бекболат пен Сергей Ведюшкин дайындаған. Ауқымды додаға 23 мемлекеттен 249 пара спортшы қатысып жатыр.Количество показов: 10
Дата создания: 10.04.2026 06:07:39



















