Ақтөбелік оқушылар ментальды арифметикадан үздік атанды
Әзірбайжанның Баку қаласында ментальды арифметикадан 4-інші халықаралық олимпиада өтті. Білім сайысында ақтөбелік оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, үздік атанды. 12 елден 240-қа жуық қатысушы жиналып, өзара мықтыны анықтады. Байқау оқушылар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды дейді ұстаздары. Баку төрінде өткен халықаралық олимпиада жас дарындардың білімін ғана емес, жылдам ойлау қабілетін де сынады. Қатысушыларға небәрі 15 минут ішінде 300 есеп ұсынылған. Қысқа уақыт ішінде көп тапсырманы орындау балалардың логикасы мен шапшаңдығын талап етеді. Айта кету керек, бұл жарысқа қатысқан оқушылар шетелдік додаға алғаш рет барған. Соған қарамастан, олар жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Сайыстың "Супер чемпион" атағын небәрі 7 жастағы Әлимансұр иеленді. Ал, 5 жастағы Әмір бірінші орынды жеңіп алыпты. Бұл жас ерекшеліктеріне қарамастан, олардың білім деңгейі мен дайындықтарының жоғары екенін көрсетеді. Жетекшілердің айтуынша, бұл жетістік 5 айлық еңбектің жемісі. Олар балалардың табандылығы мен жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Халықаралық аренада топ жарған жас дарындар ел болашағының айқын көрінісі.Количество показов: 11
Дата создания: 04.04.2026 07:40:42



















