Ақтөбеде жолаушылар автобусы 14 жастағы жасөспірімді қағып кетті
Жол-көлік оқиғасы 31-мамыр күні түсте Әбілқайыр хан даңғылы мен Пацаев көшесі қиылысында болған. 14 жастағы жасөспірім велосипедпен жаяулар жолағын өтпекші болғанда №15 автобус қатты жылдамдықпен келіп қаққан. Жүргізуші бағдаршамға да қарамаған. Туыстарының қолындағы бейне жазба бар, оқиға қарсы бағыттағы көліктің бейнекамерасына түсіп қалыпты. Бірнеше метр жерге ұшып кеткен жасөспірімнің басы жарылып, бас сүйегі ашылып кеткен. 9 қабырғасы сынған. Бүгін атасы мен туыстары мәлімдеме жасады.Дарын Қожахметов 11-шағын ауданда тұрады. Биыл №9 мектеп-гимназияның 8-сыныбын аяқтаған. Оқиға туралы жақындарына ұстаздары хабарлапты. Ауыр халде жатқан бала қай мектепте оқитынын айтып үлгерген. Отбасындағы 4 баланың үлкені. Сол күні анасының жұмысына бара жатқан. Ал, баланы қаққан автобус "Автопарк" серіктестігіне тиесілі. Немересінің болашағына алаңдаған Қожахмет Сарқұлов Автопарк басшылары да, кінәлі жүргізуші де бүгінге дейін немеремнің жағдайын сұрап хабарласпады деп налиды.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. “Автопарк” серіктестігінің директоры Ақарыс Тілеулесовтың сөзінше, автобус жүргізушісі қазір жұмыста жоқ. Мекеменің ішкі тәртібіне сай оқиға болған күні қызметінен уақытша шеттетілген. Сот шешімі, тергеу қорытындысы бітпейінше жұмысқа қосыла алмайды. Комиссия қорытындысы шығып, құжаттар мекемеге жеткен соң ғана шара қолданылады. Автобус қаққан Дарын Қожахметов қазір нейрохирургия бөлімінде жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жағдайы тұрақты ауыр. Жабық бас ми жарақатымен ем қабылдауда.
Количество показов: 25
Дата создания: 05.06.2025 07:00:49