Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түсіп, басы дауға қалған ауыл әкімінің соты басталды
Ел назарын аударған оқиға 21-сәуір күні Қандыағаш-Жұрын тас жолының бойында болған. Отбасымен табиғат аясында демалуға шыққан ауыл әкімі Ләззат Бердібаеваның өзі дастархан жаямын дегенше 6 және 8 жастағы қос қызы бірнеше тал қызғалдақты жұлып, анасына сыйлаған. Кейін әкім фотоға түсіп, әлеуметтік желіге жариялапты. Дау осыдан басталады. Ләззат Бердібаеваның Мұғалжар ауданы Қ.Жұбанов атындағы ауыл әкімі ретінде тағайындалғанына небары 1,5 жыл. Мемлекеттік қызметшіге табиғатты қорғамай, сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлды деген айып тағылды. Сот отырысына Мұғалжар аудандық ПБ ювеналдық полиция бөлімінің өкілі Мұратбек Дүйсенбаев пен облыстық орман шаруашылығы, жануарлар ресурстық орталығының өкілі қатысты. Полиция қызметкері Ләззат Бердібаеваның қызғалдақпен түскен суретті әлеуметтік желіге жариялағаны үшін әкімшілік хаттама толтырған. Қылмыстық іс қозғауға айғақ жоқ. Өсімдіктің Қызыл кітапқа енгендігі жайлы дәлел жоқ. Оны ешкім тексермеген де. Фото бар, қызғалдақ жоқ. Бала қашан да бала. Анасын қуанттпақ болған жеткіншектердің бұл әрекеті дауға ұласарын ешкім білмеген. 34 жастағы ауыл әкімі соттан әкімшілік-құқық бұзушылық ісін тоқтатуды сұрады. "Сол сәтте әкім емес, ана ретінде баламның сыйын қабылдадым", деп ақталады ол. Өзі 20 жылға жуық мемлекеттік қызметте. Тұрмыста. Екі қызы бар. Абыройлы қызмет етіп, ауылының дамуына өз үлесін қосып жүргенін айтады. Сот отырысына қатысқан облыстық орман шаруашылығы, жануарлар ресурстық орталығының бас маманы Артур Қаңтарбаевтың сөзінше, еліміздің батыс өңірінде Қызыл кітапқа енген қызғалдақтың үш түрі бар. Ең танымалы Кауфман және Шренка. Ақтөбеде Шренка қызғалдағы өседі. Кауфман Атырау мен Маңғыстау өңірлерінде бар. екен. Ал, Мұғалжар ауданында нақты қай түрі өсетінін маман айта алмады. Мұндай сараптаманы тек ғылыми зерттеу институты ғана жүргізе алады. Ал, ауыл әкімі отбасымен демалған аумақ қоршауға алынбаған, ескерту белгілері де жоқ. Емін-еркін мал жайылған. Демек, шаш ал десе, бас алатын заманда ананың балаларынан алған гүлі көптің көкейін тесті ме? Дүйім жұртқа жариялап, сотқа жеткізбей, айыппұл салса да жетер ме еді, деп налиды айыпталушы. Судья ауыл әкіміне жұмыс орынынан мінездеме алып келуді тапсырды. Сот отырысы 15-мамырда жалғасады.Количество показов: 26
Дата создания: 14.05.2025 08:12:08