Ақтөбеде «Soile Skills» байқауы басталды
Бүгін өңірде болашақ педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған республикалық «Soile Skills» байқауы басталды. Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің базасында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің әр аймағынан келген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының III–IV курс студенттері қатысуда. Байқау «Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер арасында өтіп жатыр. Қатысушылар «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» және «Шетел тілі пәнінің мұғалімі» біліктіліктері бойынша өзара бақ сынауда. Маңғыстау облысы Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалқ колледжінің педагогі Венера Макарова байқауға өз студентімен бірге келген. Ұстаздың айтуынша, студенті Жарболсын Жантілек бұған дейін екі жыл қатарынан облыстық WorldSkills чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен. Ол «Аударма ісі» және ағылшын тілін қашықтықтан оқыту құзыреттілігі бойынша бірінші орын иеленген. Байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы модульде қатысушылар «Мен - болашақ маманмын» тақырыбында виртуалды тур ұсынып, өздерін таныстырды. Екінші кезеңде сабақ фрагменттерін әзірлеп, оны әдістемелік тұрғыда қорғап, тәжірибелік түрде өткізді. Ал соңғы кезеңде түрлі педагогикалық жағдаяттарды шешіп, болашақ ұстаз ретінде кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Қатысушылар тек теориялық білімдерін ғана емес, заманауи педагогикалық технологияларды қолдану, интерактивті құралдармен жұмыс істеу және аудиториямен тиімді байланыс орнату қабілеттерін де ортаға салды.Количество показов: 16
Дата создания: 30.05.2026 05:49:57



















