Ақтөбеде соңғы 5 жылда 7 млрд теңгенің мұнайы ұрланды
Ақтөбеде мұнай ұрлығына септік етіп отырған бірнеше жайт бар. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков бүгінгі брифингте оларды саусақпен санап, атап өтті. Мұнай ұрлығына жол беретін факторларды жою үшін бірқатар ұсыныс әзірленіп, бас прокуратураға жолданған. Енді үкіметтің қолдауы қажет. Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, Ақтөбеде мұнай көбіне қараусыз қалған, не өндірісі тоқтап тұрған кен орындарынан ұрланады. Қайырқұлов бастаған қылмыстық топ осындай кеніштердің бірінен 50 тонна мұнай ұрлаған. Топ мүшелері үштен алты жылға дейін сотталды. Мұнай көлемін бөшкеге құйып, сызғышпен өлшеу сияқты ескі әдіс те ұрлықшылар үшін тиімді болып тұр. Кейбір компаниялар өз қажеттіліктеріне деп мұнайдың көп мөлшерін есептен шығарады. Мәселен, "СНПС Ақтөбемұнайгаз" АҚ екі жылдың ішінде 88 мың тонна шикі мұнайды технологиялық шығын деп есепке алмаған. Ал, "Сағыз Петролиум Компани" ұңғымаларды жуып-шаю үшін 2 мың тонна мұнайды пайдаланған. Прокурорлардың пайымынша, құжатта шығын деп көрсетілген шикізатты шын мәнінде жұмысшылар ұрлап сатқан болуы мүмкін. Ұрланған мұнай қуаты аз мұнай өңдеу зауыттары арқылы заңдастырылады. Немесе таза мұнай емес, мұнай өнімі ретінде шетелге шығарылады. Соңғы бес жылдың ішінде облыста мұнай ұрлау деректері бойынша 160 қылмыстық іс қозғалған. Мемлекетке 7 миллиард теңге шығын келді. Ақтөбенің прокурорлары мұнай ұрлығына мүмкіндік беретін факторларды тізе отырып, жеті түрлі ұсыныс әзірлеген. Бұл ұсыныстардың бәрі Бас прокуратураға жолданған. Қолдау тапты. Енді үкімет мүшелері қарайды.
Количество показов: 1527
Дата создания: 30.05.2017 18:25:14