Ақтөбеде қоқыс жәшігінің маңына жиһаз қалдықтарын тастап кеткен ер адам жауапқа тартылды
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігінің маңына тастама! Әйтпесе, айыппұл арқалайсың. Тіпті, шашқаныңды қайта жинайсың. Полиция қызметкерлері ескертеді. Шаһарда абаттандыру қағидаларын бұзған 42 жастағы ақтөбелік жауапқа тартылды. Ер адам көлігіне тұрмыстық қалдықтарды тиеп әкеліп, Сәңкібай батыр даңғылындағы қоқыс жәшіктерінің бірінің қасына тастап кеткен. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына жазылған. Бұзақының жеке басы анықталды. Өзі қаланың басқа бөлігінің тұрғыны екен. Полиция инспекторлары әкімшілік хаттама толтырып, алғаш мұндай әрекет жасағаны үшін тұрғынға ескерту жасады. Ақтөбелік өзі әкелген жиһаз қалдықтарын көлігіне қайта тиеп алып кетті. Қазір аймақта "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы өтіп жатыр. Жыл басынан бері мұндай 5 мыңнан астам дерек анықталған. Оның 2 мыңы қоғамдық орындарды ластауға қатысты. 3500 адам қала мен елді-мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзған. Яғни, ірі көлемді тұрмыстық қалдықтарды қоқыс контейнерлерінің қасына тастауға болмайды. Арнайы қоқыс полигонына шығару шарт.Количество показов: 25
Дата создания: 06.06.2025 10:25:33