Ақтөбеде дәстүрлі «Сыбаға» этнофестивалі өтіп жатыр
Ақтөбеде дәстүрлі «Сыбаға» этнофестивалі өтіп жатыр. Өнер орталығында «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі салтанатты түрде ашылды. Шара облыс әкімі Асхат Шаһаров қатысты.Орталық алдына киіз үй тігіліп, жастар алтыбақан тепті. Өнерлі қауым ән айтып, келушердің көңілін көтерді. Орталықта ұзынынан жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылған. Қонақтар көне ұлттық аспаптар көрмесін, ағаштан, күмістен, сүйектен, жүннен жасалған қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Отандық және шетелдік шеберлердің шеберлік сағаттар өткізді. «Дәстүрлер жаңғырығы» сән көрсетілімі және концерттік бағдарлама ұсынылды. Көрмеге жерглесіміз зергер Болат Атыраубаев та авторлық туындыларын алып келген. Таза күмістен соғылған әшекей бұйымдарға келушілердің қызығушылығы жоғары. Ал, №40 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гауһар Мұрзалина Өнер музейінің атынан көрмеге қатысып отыр. Суретші қазір жүн өнімдерін жасаумен айналысады. «Сыбаға» - ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт болмысын сақтауға бағытталған еліміздегі бірегей мереке. Тек Ақтөбе өңірінде ғана өткізіліп келеді. «Сыбаға» - ата-баба мұрасын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды бүгінгі ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған маңызды мәдени бастама, дейді мамандар. Республикалық этнофестивальге Астанадан ҚР материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитеттің сарапшысы да арнайы келген. Ардаби Мәулеттің сөзінше, бір ай бұрын өңірдің 12 ауданында материалдық емес мәдени мұраны инвентаризациялау жұмысын жүргізген. "Сыбаға" - материалдық емес мәдени мұраны насихаттайтын халықаралық деңгейдегі үлкен шара деп баға берді сарапшы. Фестиваль ертеңде жалғасады. «Салбурын» күні саятшылық, құсбегілік, тазы жүгірту, садақ ату секілді ұлттық спорт түрлері насихатталады. «AKTOBE OPEN 2025» асық ату спортынан халықаралық турнир басталады. Көкпар ойыны, құмай тазы жарысы және садақ ату сайыстары өтеді. Құсбегілер құстар көрмесінде бапталған қырандарын таныстырып, саятшылық өнерінің қыр-сырын көрсетеді. 4-6 желтоқсан аралығында ауыл-аймақтарда дәстүрлі соғым сыбағасы таратылып, үлкенге - ізет, кішіге - құрмет көрсетілмек.Количество показов: 10
Дата создания: 06.12.2025 09:30:46



















