Ақтөбеде 4 айда 500 ден астам тұтынушының құқығы бұзылған
Өткен жылмен салыстырғанда биыл арызданушы тұтынушылар саны артқан. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында 500-ден астам тұтынушының құқығы бұзылып, департаментке өтініш түсірген. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға көп. Өтініштердің дені қанағаттандырылып, нәтижесінде тұтынушыларға 34 млн теңгеден астам материалдық шығын өтелді. Тұтынушылар ең көп шағымданған сала - бөлшек сауда. Ақтөбеліктер 180 өтініш жазған. Нәтижесінде тұтынушыларға 30 млн теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Атап айтсақ, сапасыз автокөлікке қатысты 2 тұтынушының қомақты қаражаты сот шешімімен қайтарылған. Ал, тағы 4 млн. теңгеден көп ақша тұтынушыларға сотқа дейінгі рәсіммен қайтарылыпты. Одан өзге тұрмыстық, электронды сауда, медицина, білім салаларына қатысты да шағымдар көп.Туристік қызмет бойынша да 20-ға жуық өтініш тіркелген. Тұтынушылар, көбіне несиемен алдын ала саяхат сатып алады. Кейін қызметтен бас тартып, қаражатын қайтаруда қиындықтарға тап болған. Мамандардың сөзінше, көрсетілмеген қызмет үшін ақша қайтарылуы тиіс. Бұл мәселе көбіне сот арқылы шешіледі. Білім сапасына да сын айтып, арызданғандар бар. Тұтынушылардың дені - онлайн-оқу барысында көрсетілмеген немесе сапасыз қызметтерге наразылық білдірген. Дегенмен, ақтөбеліктердің көрсетілетін қызмет сапасына көңілдері толады. Департаментке келіп түскен өтініштер арасында тұтынушы құқығына жатпайтын мәселелер де бар. 16 өтініш иесіне кеңес пен шағымдану тәртібі түсіндірілді. Ал, жыл басынан бері тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін шағын және орта бизнес субъектілерінің 13-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға ескерту жасалып, айыппұл салынған.
Количество показов: 26
Дата создания: 28.05.2025 11:36:08