Ақтөбе жыршылары рекордтар кітабына енді
Ақтөбеде жыршылар 24/7 тәулік бойы тоқтамастан жыр жырлағаны естеріңізде болар. Биыл наурыз онкүндігінде "Ер Едіге" жыр мектебінің өнерпаздары тәулік бойы тоқтаусыз жыр айтып, әлемдік рекордтар кітабына енген болатын. Бүгін сол ұлттық руханиятқа қатысты маңызды тарихи құжаттар мемлекеттік архив қорына тапсырылды. Дүниежүзілік рекордқа енген «Жыраулар жолымен…» жобасының материалдары енді ресми сақтауға өтті. Облыстық мемлекеттік архивіне ұлттық руханият үшін маңызды құжаттардың бірі табысталды. Жырдың озық орындау үлгісін көрсеткен "Ер Едіге" жыр мектебінің "Жыраулар жолымен ..." атты жобасы рекордтар кітабына еніп, бүгін салтанатты рәсім барысында жобаға қатысты аудио және бейнежазбалар, рекордты растайтын сертификаттар, фотосуреттер мен тарихи маңызы бар өзге де құжаттар мемлекеттік сақтауға өткізілді. "Бұл жетістік - 5 жылдық еңбектің нәтижесі",- дейді жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сарин. "Наурызнама" бағдарламасы аясында өткен, ұлттық мұраны дәріптеген 24 сағаттық жыр марафонында 36 жас өнерпаздар мүдірмей, үзіліссіз жырларды орындады. Олардық қатарында "Қобыланды батыр", "Алпамыс батыр", "Қырымның қырық батыры", "Нарқыз" және пайғамбарлар қиссасы болды. Сарапшы болған облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағанбетовтың сөзінше, орындау барысында ешқандай қате кетпеген. Әділбек Сарин Global Book of Records-қа ену үшін ата-аналардың еңбегі де зор екенін атап өтті. Балаларын ұлттық жадыны ұмытпай, бойларына сіңіруге ат салысып, оны жаңа деңгейге көтеруге үлес қосқан - "Ер Едіге" мектебінің жыршылары мен орындаушылардың ата-аналары,- дейді ол. Бүгінгі шараға мәдениет саласының өкілдері, архив қызметкерлері, ақын-жазушылар, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, архивке тапсырылған құжаттар ұлттық мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді.Количество показов: 19
Дата создания: 03.06.2026 07:45:07



















