Ақтөбе су қоймалары тасқын суды қабылдауға дайын
Ақтөбе су қоймалары тасқын суды қабылдауға дайын. «Қазсушардың» облыстық филиалы Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларын көктемгі су тасқынына дайындау жұмыстарын аяқтады. Қазіргі таңда өңірдегі үш ірі су қоймада тасқын суды қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін жеткілікті бос сыйымдылық қамтамасыз етілген. Cу ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бұған дейін осы үш нысанда да көпфакторлы кешенді тексерулер жүргізілген. Пайдалануға берілген сәттен бері алғаш рет Ақтөбе және Сазды су қоймаларында кешенді реконструкциялау жұмыстары жүргізілген. Барлық үш су қоймада облыстық төтенше жағдайлар департаментінің орталық басқару пультімен біріктірілген жергілікті хабарлау жүйелері жұмыс істейді. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, стратегиялық маңызы бар нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, режимдік және күзет шаралары қамтамасыз етілген. Барлық су шаруашылығы нысандарында инертті материалдар дайындалып, жанар-жағармай қоры бар резервтік дизель генераторлар қарастырылған.Количество показов: 7
Дата создания: 28.02.2026 07:05:22



















