Ақтөбе халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағы күндізгі уақытта 17-наурызға дейін жабылады
Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағы күндізгі уақытта 17-наурызға дейін жабылады. Барлық рейстер түнгі уақытта жүзеге асырылады. Бұл туралы әуежай әкімшілігі әлеуметтік желідегі парақшаларында мәлімдеді. Әуекомпаниялары рейстердің ұшу-қону уақыттарының өзгергендігі жөнінде хабардар ететін болады. Онлайн табло akx.kz сайтында қол жетімді. Әуежайдың анықтама қызметінің нөмірлері: 730073, 730109. Еске салайық, 9 наурызда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Ақтөбе әуежайы тексерілді. Нәтижесінде, ұшу-қону жолағында ақаулар, жарықшақтар, әуеайлақ плиталарының, мастиканың қабыршақтануы анықталды. Тексеруге облыс әкімдігі, Азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы және "Air Astana", "SCAT", "Qazaq Air" әуе компанияларының өкілдері қатысты. Белгіленген талаптарға сәйкессіздікті, сондай-ақ азаматтар үшін ұшу қауіпсіздігінің басымдығын ескере отырып, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ақтөбе әуеайлағының ұшу-қону жолағын пайдалануды бұзушылықтарды жойғанға дейін тоқтату туралы шешім қабылдады. Өз кезегінде облыс әкімдігі қысқа мерзімде әуеайлақ плиталарын ауыстыру және жөндеу жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға дайын екендіктерін жеткізді.Количество показов: 964
Дата создания: 11.03.2022 18:32:51



















